Қызылорда қаласының әкімдігі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 1 сәуір 2020 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет

Енгізілді: 20.03.2020Қаралғаны: 87 рет
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТЕН АРЫЛАТЫН КҮН АЛЫС ЕМЕС

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс орталығындағы нысандарды аралау жұмысы жалғасын тауып келеді. Бұл жолы шаһар басшысы өзі уәде еткендей, қаладағы кәріз насостық станцияларында болып, онда жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімінің жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен кездесуінде қаладағы өзекті мәселелердің бірі кәріз жүйесі проблемасы қозғалған болатын. Журналистермен өткен басқосуда бұл мәселе бойынша қала тұрғындарынан көп шағымдар түсетіні айтылған еді. Қолқаны қапқан қолаңса иіс қысы-жазы кетпей, кәріз насостық станцияларына жақын орналасқан көпқабатты үй тұрғындарының базынасы шаһар басшысына жетті. Бұл мәселе үнемі көтеріліп және одан хабары бар екенін айтқан қала әкімі алдағы уақытта тілшілер қауымымен бірге аталған станцияларды аралап, мәселені түбегейлі шешуге бар мүмкіндікті пайдаланатынын жеткізген болатын.

Аталған кездесуден кейін қаладағы кәріз жүйесі станцияларын аралау, ондағы жұмыс барысымен танысу сәті де түсті. Шаһар басшысы қала орталығында орналасқан №19 кәріз насостық станциясында болды.

«Қызылордада су жүйесі» мекемесіне қарасты барлығы 62 дана кәріз насостық станциялары бар. Солардың бірі қаланың ортасында орналасқан №19 кәріз насостық станциясы. Қазіргі таңда бұл нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жалпы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы арқылы қаладағы 23 дана кәріз насостық станциясын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Нысандарды жөндеу жұмыстарын елордалық «Vic LTD» ЖШС жүргізуде.

«Бұл жобаның ерекшеліктерін атап өтер болсақ, енді қаладағы кәріз насостық станцияларына Швеция елінде жасалынған, энергоүнемдегіш «Флюгт» маркалы насос қондырғылары орнатылады. Станциялардың қабылдау камераларына қатты қалдықтарды ұнтайтын автоматты қондырғылар қарастырылған. Вентиляция жүйелерінде газоанализаторлары автоматты түрде қосылып, филтрлері көміртек тотығы газдарын атмосфераға тазартып шығарып отырады», – дейді «Қызылордада су жүйесі» КММ директоры Марат Жәмиев.

Елу жылдан соң қайта жаңарған кәріз насостық станциялардың құрылыс монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін автоматты түрде жұмыс жасайтын болады. Жарты ғасыр қызмет етіп келген станция кезекші машинист жұмысшыларды қажет етпейді. Сондай-ақ жұмыс жасау режимі «Скада» жүйесі арқылы орталық диспетчер бөліміне жіберіліп отыратын болады. Айта кетейік, қаладағы кәріз насостық станциялар 1968-70 жылдары іске қосылған.

«Қызылорда қаласында қазіргі таңда 62 кәріз насостық станция бар. Оның 8-і соңғы жылдары жаңадан салынды. Қалған кәріз насостық станциялар өте ескі, олар Кеңес үкіметі кезінде салынған. Сондықтан 2016 жылы жоба жасалып, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы арқылы 2017 жылдан бастап қаржы бөліне бастады. 2017 жылы республикалық бюджеттен 200 млн теңге қаржы бөлінді. 2018 жылы 500 млн теңге қаржы қаралса, өткен жылы қалған қаражаты бөлінген болатын. Қазіргі таңда 2 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Енді жуырда облыстық бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлінетін болады. Ағымдағы жылдың мамыр айында бұл жоба толығымен аяқталып, іске қосылады. Қалада осы кәріз насостық станцияларынан жағымсыз иістер шығатыны белгілі. Тұрғындар тарапынан реніштер айтылып келеді. Енді жоба нәтижесінде сол жағымсыз иістерден арылатын боламыз. Сонымен қатар шығын да азаяды», -деді қала әкімі.

Шаһар басшысы өз сөзінде бұған дейін қалада кәріз насостық станцияларының жөндеу жұмысын жүргізу кезінде қаза болған жұмысшылардың бар екенін де айтып өтті.

«Бізге ең алдымен адам өмірі қымбат. Сондықтан осы жоба аясында біз мұндай қауіп-қатердің алдын алатын боламыз. Енді қаладағы кәріз насостық станцияларындағы жұмыстар Еуропалық стандарттарға сай болады. Негізі мердігер компания жұмысты алдағы маусым айында аяқтауы қажет. Дегенмен жұмыс барысы біздің қатаң бақылауымызда болғандықтан 1 мамырға дейін толық аяқталуы керек. Сол уақытта қаладағы 23 кәріз насостық станцияны іске қосатын боламыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Өйткені қалған 31 кәріз насостық станцияларды да күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың барлығы аяқталған соң тұрғындардың мазасын қашырған жағымсыз иіс түгелімен жойылады. Яғни, 2021 жылдан бастап қала тұрғындары таза ауада кең тыныстайды.

«Жалпы құрылыс монтаж жұмыстары 2 кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Ал екінші кезеңде 31 кәріз насостық станция жөндеуден өтіп, келер жылы толығымен аяқталатын болады. Оған 4 млрд теңгеге жуық қаржы қажет», – деді қала әкімі.

Қала әкімінің ат басын бұрған келесі нысаны Қорқыт ата көшесі мен Торайғыров көшесінің қиылысында орналасқан №18 кәріз насостық станция болды. Мұнда да жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Бұл нысан да алдағы уақытта толығымен іске қосылады.

Динара МАХАНОВА

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея