Қызылорда қаласының әкімдігі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 1 сәуір 2020 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет

Енгізілді: 20.03.2020Қаралғаны: 107 рет
КОРОНАВИРУС: ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ҚАУІПТІ ІНДЕТТІҢ АЛДЫН АЛУҒА ДАЙЫН БА?

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қала аумағындағы халық көп шоғырланатын нысандарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Коронавирус індеті Қазақстан аумағына енгеннен бастап ел ішінде тиісті шаралар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында елде төтенше жағдай жариялады. Осыған орай өңірлерде қатаң тәртіпте жұмыстар ұйымдастырылуда.

Қызылорда қаласында да сақтық шаралары жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бұған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс орталығындағы нысандарды аралау барысында көз жеткіздік.

Шаһар басшысы ең алдымен қаланың бас қақпасы Қызылорда теміржол вокзалына барды. Ғимараттың күту залын аралаған қала әкімі мұнда бір-екі антисептик аздық ететін айтып, оның санын көбейту және халықтың оны пайдалануын қадағалау қажеттігін ескертті.

Қызылорда қаласы бойынша теміржол вокзалының аумағына жауапты Ибраким Басықараевтың айтуынша, күніне мұнда 4-5 мың адам келіп-кетеді. Сондықтан мұндағы бар жоғы 2 антисептик мұнша халыққа жетпейтіні анық.

«Қазіргі жағдайға байланысты халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ғимарат ішінде антисептиктердің санын көбейту керек. Сонымен қатар ғимарат ішін әр сағат сайын жуып, тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыру керек. Ғимарат ішінде сағат сайын дезинфекция жұмыстары жүргізілсін. Есік-терезелерді ашып қойып, халықтың сыртта жүргені абзал. Қазір күн жылы сондықтан вокзалға келушілердің сыртта күткені, кассада бір адамнан артық тұрмағаны жөн. Ғимарат сыртында да халыққа жағдай жасалу қажет», – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Бас қақпаның келбеті қаланың тыныс-тіршілігінен хабар беретіні белгілі. Көбіне теміржол вокзалына қарап баға беріледі. Мұны айтқан қала әкімі ғимаратты жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетінін сұрады. Жөндеу жұмыстарының нақты уақыты шешілмегендіктен ғимаратты әктеу, сырлау жұмыстары 3 күн ішінде аяқталуы қажет екендігі ескертілді.

«Жөндеу жұмыстары тез арада басталуын қадағалау қажет. Бірақ ол уақытқа дейін ғимарат әктеліп, сырлансын. Ол үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Вокзалға келушілер сіздерді жазғырмайды, олар «әкімдік қайда қарап отыр» деп бізді сынайды. Сондықтан вокзал маңайындағы жаяу жүргіншілер жолағын, ғимарат сыртын, сондай-ақ Шиелі ауданымен шектесетін маңайына дейін теміржол айналасына тазалық жұмыстарын жүргізу қажет», – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы мұнан әрі қаладағы құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп келетін кәріз насостық станцияларының жұмысымен танысты.

Қала әкімінің келесі бағыты автовокзал бекеті болды. Мұнда да елдегі төтенше жағдайға қатысты мәселе пысықталды. Үнемі халық ығы-жығы болып жататын бекет бұл жолы тым-тырыс секілді. Адамдар арлы-берлі жүруден тыйылған дерсіз. Қала әкімін қарсы алған автовокзал басшысы ең алдымен автобус жүргізушілерінің демалыс орнын көрсетті. Мұнан соң ғимарат ішіндегі дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілу тәртібіне тоқталып, қала әкімінің тапсырмасын мүлтіксіз орындалатынын айтты.

«Дәл қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан келіп жатқан адамдардың тізімін алу қажет. Біз міндетті түрде оларды бақылауға алуымыз керек. Сондықтан осы 2 қаладан келетін адамдардың тізімін берсеңіздер. Сонымен қатар жақын күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанға барған немесе сол жақтан келген адамдардың тізімін билет бойынша іздеп, хабарласу қажет. Әлеуметтік желілерде де іздестіріп, тиісті орталықтарға немесе емханаға жолығуды ескерту керек», – деді шаһар басшысы.

Мұнда да ғимарат ішінде халықтың көп болмауы, ыңғай келсе жолаушылардың сыртта тұруын талап ету қажеттігі де айтылды. Ең бастысы халықтың қауіпсіздігі екендігі ескертілді.

Теміржол және автовокзалдардың жайымен танысып, елдегі төтенше жағдайға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыс барысын көрген қала әкімі енді «Қорқыт ата» атындағы әуежайды бетке алды.

«Қорқыт ата» әуежайы АҚ директоры Константин Нидың айтуынша, 22 наурыздан бастап әуежайда барлық әуе рейстері тоқтайды. Тек әскери, төтенше жағдай және санитарлық қызмет рейстеріне ғана рұқсат беріледі.

«21 наурызға дейін үздіксіз жұмыс жасаймыз. Ал 22 наурыздан бастап әуежайда қызметкер санын азайтатын боламын. Олар тек әскери, төтенше жағдай және санитар қызметкерлерге ғана жұмыс жасайды», – дейді Константин Ни.

Әуежайдың алаңына келген шаһар басшысы мұнда әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселені де қозғады. Яғни, әуежайдың алдындағы ағаштардың қырқылу себебін сұрады.

Директор Ни бұл мәселеге толық дайындалғанын дәлелдеп, әуежай маңындағы талдардың қырқылуы қажет екенін, ағаш бұталарына құстар ұя салып, олардың ұшақтарға кері әсер тигізу қаупі бар екендігі жөніндегі заңды қағаз жүзінде назарға ұсынды. Оның айтуынша, заң талаптарына сәйкес, бұл талдар түбінен шабылуы қажет екен.

Қала әкімі бұл мәселе әлі де толық зерттелетінін айтып, қабылданған шешімнің дұрыс-бұрыстығы тексерілетінін жеткізді. Сондай-ақ қалада әр мекеме басшысы өз бетімен ағаштарды кесуіне жол берілмейтіні, керісінше әрқайсысы қаланың көгалдануына атсалысу қажет екені ескертілді.

Қала әкімінің нысандарды аралаудағы келесі аялдамасы «Наурыз» саяжайында орналасқан ауыз су жинау қоймасының құрылысы болды. Қала басшысы елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақсуат ауылдық округі мен «Наурыз» саяжайында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып көрді.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасымен елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау бағытымен барлығы 2 млрд 492 млн мың теңге, қоса қаржыландырумен облыстық бюджеттен 89,3 млн теңге қаржы қаралған. Бұл жоба аясында «Наурыз» саяжайында да ауыз су жинау қоймасының құрылысы жүргізілді. Құрылыстың бас мердігері – «Мелиоратор» ЖШС. Бұл құрылыс 2018 жылы бастау алған. Өткен жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілген.

«Елді мекендегі 6 мыңға жуық тұрғын үй толығымен ауыз су жүйесіне қосылу қажет. Әр үйге су есептегіш құралдары орнатылып, жобаға енбей қалған үйлерге де ауыз су жеткізілсін. Халықтың алғысынан асқан баға жоқ», – деді  Н. Нәлібаев.

Осы орайда қала әкімі Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысына қалаға қарасты басқа елді мекендердегі ауыз су жинау қоймасының құрылыстары алдағы мамыр айына дейін аяқталуы керектігін ескертті.

Динара МАХАНОВА

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея