Қызылорда қаласының әкімдігі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 19 ақпан 2020 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет

Енгізілді: 28.01.2020Қаралғаны: 158 рет
БАЛАСЫН БЕЛГІСІЗ АДАМҒА ТАСТАП КЕТКЕН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ӘЙЕЛ АНАЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Kyzylorda-news.kz. Қызылордада баласын белгісіз адамға тастап кеткен әйел сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылды.

Қаңтардың бел ортасында өткен сот отырысы екі аптаға кейінге қалдырылып, іске қатысты шешім бүгін, яғни 28 қаңтар күні оқылды.

«Жауапкер Цой Людмила Григорьевнаны  кәмелетке толмаған 8 наурыз 2011 жылы туылған Цой Владикке қатысты ата-аналық құқығынан айырлсын. Кәмелетке толмаған Владик Цойды талап қоюшы Қызылорда қалалық білім бөлімінің қамқоршылық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқорлығына берілсін», – деді судья Қ.Бержанов.

Сот шешімінде айтылғандай, жауапкер Людмила Цой барлық табысы мен өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде Владик Цойды күтіп-бағу үшін ол кәмелетке толғанша ай сайын алимент төлеуі тиіс. Алимент сот шешімімен 2019 жылдың 18 қарашасынан бастап өндірілуі және өкілетті банкте баланың атына ашылған есепшотқа аудырылуы қажет.

«Жауапкер Цой Людмила Григорьевнадан мемлекет пайдасына 1263 теңге және 5055 теңге мемлекеттік баж өндірілсін. Шешімге наразы жақтары шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде Қызылорда олысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына аппеляциялық шағым немесе прокурор өтінішхат келтірулеріне құқылы», – деді судья.    

Сот отырысы кезінде қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның маманы Людмила Цойдың 5 баласы бар екендігін растап, оның үлкен ұлы кәмелет жасқа толғанын, екінші қызы 10 сыныпта оқитындығын және Қармақшы ауданында өз әкесінің қолында тәрбиеленіп жатқандығы туралы айтып өтті.

Айта кетейік, қаңтар айының 15-күні Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылының тумасы Людмила Цойға қатысты сот отырысы болып өтті. Ол 2011 жылғы некесіз туған баласы Владик Цойды заң жүзінде әкесі деп танылмаған «Сабалақ» саяжайының тұрғыны Константин Кимге тастап кеткен. Людмила Цой өз ұлын Константинге 2015 жылдың желтоқсан айында қалдырған. Сол уақыттан бері бірде-бір рет баласының жағдайын білуге келмеген, оның өміріне алаңдамаған. Константин Ким 2019 жылдың 9 мамырында дүниеден озып, бала қараусыз қалған еді. Сол уақытта саяжайдағы көршілері тәртіп сақшыларына хабар беріп, баланың қараусыз  қалғанын ескерткен болатын.

Қызылорда қалалық жергілікті полиция бөлімінің қызметкері Жасұлан Асылбеков өткен жылдың 14 мамырында баланы іздеп барып, оны арық ішінде ойнап отырған жерінен тапқандығын айтты. Тәртіп сақшысы өз міндетіне сәйкес баланы қалалық білім бөліміне апарып, онда баланың ешкімі жоқтығы жөнінде қаулы алып, қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған болатын. Сол уақыттан бері баланың денсаулығы толық зерттеліп, оның осы уақытқа дейін мектеп табалдырығын аттамағандығы белгілі болды.

Оған қоса, баланың дамуында тежеліс бар екендігі, оның анық сөйлей алмайтындығы белгілі болып, балаға «Психикалық даму бөгелісі» диагнозы қойылған. Қазіргі таңда Владик Цой Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназияның 1 сыныбында оқиды.

Еске сала кетейік, бұған дейін бұл іске қатысты алғашқы сот отырысы мен баланың жағдайы туралы жариялаған болатынбыз.

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея