Қызылорда қаласының әкімдігі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 13 қараша 2019 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет

Енгізілді: 18.09.2019Қаралғаны: 258 рет
ҚЫЗЫЛОРДАДА ОБЛЫСТЫҚ АССАМБЛЕЯНЫҢ ХХІІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы «Достық үйінде» облыстық ассамблеяның ХХІІ сессиясы өтті. Оған өңір басшысы Қуанышбек Ысқақов қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 Онда Қазақстан халқы облыстық ассамблея хатшылығының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспары, сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылды.

Сәуір айында Тұңғыш Президент – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVIІ сессиясы өткен еді.

«Сессия жұмысы барысында Елбасы «Құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім» екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі таңда Сыр өңірінде Елбасының тапсырмалары жүзеге асып, толымды істер атқарылып жатыр», - деді аймақ басшысы Қ.Ысқақов сесияның ашылу салтанатында.

Естеріңізге салайық, «Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» ағымдағы жылдың 28 мамыр күні Үкімет мәжілісіне ұсынылып, жан-жақты талқыланып, бекітілді.

Кешенді жоспардың негізгі бағыттары өнеркәсіп, «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, су шаруашылығының ахуалы, әлеуметтік сала мен Қызылорда қаласының бас жоспарын қамтиды.

«Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн 62 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен бірге, алдымызда Мемлекет басшысының айқындап берген ел қажетіне бағытталған, ел мүддесіне қызмет ететін 10 тармақтан тұратын межелі міндет бар», - деп атап өтті облыс әкімі.

Экономикаға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша және ауыл шаруашылығында да өсім қамтамасыз етілді. Облыстың экономикалық дамуындағы өсімге қол жеткізу үшін аймақ экономикасын индустрияландыру арқылы әртараптандыру стратегиясы жүзеге асырылуда.

Осы ретте «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 12,6 млрд. теңге болатын 124 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ, Сыр өңірінде 2018 жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланды. Осылайша, шағын және орта бизнесті дамыту қолға алынды.

Тек, соңғы алты жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2,5 есеге артып отыр. Осы уақыт аралығында Қызылорда қаласының өзінде жаңа 10 мөлтек аудан, 5 тұрғын үй кешені, 361 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық адам баспаналы болды.

Оның ішінде, «Баламекен» жобасы шеңберінде «Болат Өтемұратов Қоры» есебінен ағымдағы жылы 100 үй пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарға қор есебінен 450 млн.теңге бөлінді.

Сонымен қатар, Сырдарияның сол жағалауында сәулеті мен дәулеті келіскен жаңа қала бой түзеп келеді.

Қазақстан халқы ассамблеясы бүгін де Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің ұйытқысына айналды. Ассамблея құрылған күнінен бастап 24 жылдан астам уақыт бойы тарих, мәдениет және тіл ортақтығын дамытуда қызмет етіп келеді.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен әртүрлі форматтағы 96 іс-шара өткізілген. Мәселен, ассамблеяның бастамасымен өңірде «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл жоба Қызылорда облысынан бастау алды.

Сондай-ақ, ассамблеясының қолдауымен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Халықтар достығы» ұлттық мәдени фестивалі өтті.

Қазақстан халқы облыстық ассамблея хатшылығы өз қызметін бірнеше бағытта жүзеге асыруда. Атап айтқанда, облыстық этномәдени және аудандық этно бірлестіктер, қоғамдық келісім және аналар кеңестері, жастар қанаты және ассамблея жанындағы депутаттық топ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы және ғылыми-сараптамалық топ, қайырымдылық, медиация.

Қызылорда облысында XXI сессияда берілген тапсырмаларға сәйкес аудан орталықтарында меценаттарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері меценаттардың қолдауымен 798 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылып, 24 794 адамға 270 млн.809 мың теңгеге көмек көрсетілді.

Өңірде облыстық, 2 қалалық, 7 аудандық және 155 кенттік және ауылдық қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Олар ассамблея отырыстарында жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қарастыра отырып, қоғамдық бақылау қызметтерін орындайды.

«Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі этномәдени бірлестіктерге ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсетіп, тұрақты қолдау көрсетуі қажет. Өз тарапынан облыс әкімдігі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, Достық үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен жобаларды өткізуге қаржы бөлуге тиісті қолдау көрсететін болады. Сондай-ақ, 2020 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы мерейтойға орай аймақтың басты сыйлығы игі істеріміз бен жетістіктеріміз болуы керек», - деді аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов.

Сессия барысында облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Теңелұлын 70 жас мерейтойына орай аймақ басшысы құттықтап, «Құрмет грамотасын» табыстады. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің және облыстық ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Облыстық ассамблеяның ХХІІ сессиясының қорытындысымен облыс әкімі өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесе отырып Қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ елінің құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасын әрі қарай жалғастыруды, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері этнобағыттағы қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық келісім кеңестерін қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландыруды тапсырды.

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея