Қызылорда қаласының әкімдігі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 23 тамыз 2019 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет

Енгізілді: 14.05.2019Қаралғаны: 211 рет
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

 

Сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті облыс жұртшылығымен кездесті, Қызылорданың сол жағалауының даму барысымен танысты, сондай-ақ,  өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

 Президенттің облысқа сапары 2017 жылы ашылған облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан басталды. Ауруханада 11 бөлім, 5 операциялық блок, реанимациялық және анестезияға арналған бөлімше, сонымен қатар, кеңес беру-диагностикалық бөлімі жұмыс істейді. Ауруханада барлығы 537 адам еңбек етеді. Аурухананың заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылғанын және жетекші шетелдік клиникаларда мамандар біліктілігін арттыру тәжірибесі жолға қойылғанын ерекше атап өту керек.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары бағдарламасының келесі нысаны - "Жан-Арай" ЖШС кешені. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесті. Айта кету керек, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге дейін артты. Ал, 2018 жылдың қорытындысы бойынша экспорттың 97% қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін "Агрокарта" әзірленді, оның мақсаты - экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

"Жан-Арай" ЖШС күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн өңдейді және 80 тонна құрама жем өндіреді. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласының сол жағалауының құрылысымен танысты. Мұнда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалау құрылысының ҚР Үкіметімен бекітілген бас жоспарын таныстырды. Сол жағалаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарды құрайды.

"Бүгінде Қызылордада 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетеді. Яғни, тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туады", - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі уақытта сол жағалауда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында пайдалануға берілуі жоспарланған 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Бұдан басқа, әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы, сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында ағымдағы жылы 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі.

Қаланың жаңа бөлігінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша 320 орындық балабақша салынды. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылардың қаражаты есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді, "Болашақ" университеті кампусының құрылысы аяқталуда. 2019-2020 жылдары емханасы бар көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы, жатақханасы бар физика-математикалық мектеп, жеке мектеп және т. б. салу жоспарланып отыр. 2018 жылдан бастап сол жағалау аймағында қажетті инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

Сырдария өзенінің сол жағалауындағы пайдалануға берілген алғашқы нысан 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің сызбасы бойынша салынған "Рухани жаңғыру" орталығы болды. Ғимаратта Қызылорда қаласының тарихына арналған мұражай да орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаев мұражай экспозициясымен танысты.

Сол жағалаудағы тағы бір маңызды нысан - мамыр айының басында пайдалануға берілген тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығы. Орталықта шағын және орта бизнес, тұрғын үй, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері туралы кеңес беру кабинеттері мен психолог, әдістемелік және медициналық кеңес беру кабинеттері, сондай-ақ, "Жас Сарбаз" әскери-патриоттық орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, конференц-зал және жаттығу залы бар. Орталықтың жалпы ауданы - 3870 м2, ол ауысымына 670 келушіге есептелген, мұнда 32 маман қызмет атқарады.

Президент орталықтың қызметімен танысып,  аймақ жастарымен кездесті. Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова жас ұрпаққа жасалып жатқан қамқорлығы мен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап аймақ басшылығының бастамасымен қызылордалық мектеп түлектері Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында  білім алу мүмкіндігіне ие болды. 2018 жылы 32 түлек оқуын тәмамдап, аймақ кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылды. 2019 жылы тағы 132 білім алушы оқуын аяқтайды деп күтілуде. Барлығы 520 сырбойылық жас Ресейдің озық инженерлік жоғары оқу орындарында білім алуда.

Кездесуден соң бірқатар республикалық және халықаралық вокалдық өнер байқауларының жеңімпазы Константин Луца Президентке Сыр жастарымен естелік суретке түсуді ұсынды.

Өңір жұртшылығымен бес жұлдызды "Сұлтан Плаза" қонақ үйінде өткен кездесуге 400 астам қызылордалық қатысты. Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін шешкені үшін алғысын білдіріп, Сыр еліне қонақ болуға шақыратынын Елбасына жеткізуді сұрады. Сондай-ақ, кездесуде Шиелі ауданының "Ақмая" шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков, "Аралтұз" АҚ президенті Айдынбек Тауасаров, аймақтық "Рухани жаңғыру" орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіқалықова, мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы Әлемнің вице-чемпионы Элизабет Тұрсынбаева мемлекет пен аймақ дамуының түрлі салалары жайлы баяндап, өздерінің ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірді дамытуға ерекше үлес қосқан қызылордалықтарды марапаттады. Олардың қатарында "Сыр маржаны" ЖШС директоры Мінажадин Өтеев, "Бақ-Береке 2030" ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева және "Нартай өнер мектебінің" директоры Мұхаммедәлі Бекпейісов  пен облыстық медициналық орталығының хирург дәрігері, денсаулық сақтау саласының ардагері Абдулла Шүленбаевқа табыстады.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне барып, музейдің жаңартылған экспонаттарымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында 1980 жылдары Түркі әлеміне ортақ рухани ұстаз Қорқыт Атаның құрметіне мемориалдық кешен салынған. 2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен кешенге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қосымша жаңадан зиярат ету нысаны салынды.  Мемориалдық кешен "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық автомагистралінің бойында орналасқан. 2018 жылдың қараша айында Порт-Луи қаласында (Маврикий Республикасы) ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт Ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданған болатын.

Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары Байқоңыр қаласында қорытындыланды. Онда «Байқоңыр» кешенін дамыту мәселелері талқыланды.

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея