Қала әкімінің есебі
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 13 қараша 2018 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет » Билік » Қызылорда қаласының әкімдігі » Қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің есептері

Қала әкімінің есебі

Енгізілді: 28.02.2014Өзгертілді: 28.09.2018

2011 жылЖүктеу...102 Кб.

2012 жылЖүктеу...89 Кб.

2013 жылЖүктеу...38 Кб.

2014 жылЖүктеу...38 Кб.

2015 жылЖүктеу...75.7 Кб.

2016 жылЖүктеу...75.7 Кб.

 

Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаевтың

қала халқының алдында есеп беру кездесуінің

баяндамасы

 

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Қадірлі жерлестер!

Жылдағы дәстүрге сәйкес өңірімізді өркендету жолындағы бірлесе атқарған жұмысымызды қорытындылау, жоспарларымыз бен алға қойған мақсаттарымызды айқындау үшін, үстіміздегі жылдың 24 қаңтарынан бастап қалаға қарасты 2 кент, 7 ауылдық округ халқымен және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен, қала тұрғындарымен кездесіп,  2017 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есебемізді бердік.

Бүгін, осы кездесулердің жалғасы ретінде қорытынды есеп беру кездесуімізде Сіздермен бас қосудамыз.

Есепті кездесудің негізгі мақсаты жергілікті биліктің атқарып отырған жұмысына халықтың шынайы бағасын білу.

Елдің болашағы мен халықтың баянды, берекелі тіршілік кешуіне жағдай жасау үшін, алдымен әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту шарт.

Ал, ел экономикасының орнықты дамуы - әрбір елді мекенді дамытудан басталады.

Халық – нағыз әділ сыншы.

Сондықтан да ортақ іске ой қосып, бағытымызды бағдарлау үшін жанашырлық танытып, алтын уақыттарыңызды бөліп кездесуге келгендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Құрметті қала тұрғындары!

Өткен 2017 жыл біздің еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы жыл болды.

Тәуелсіз қазақ елінің тарихында, тағы бір маңызды бағдарламалық құжат - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сырынайқындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды.

Ең айтулы оқиғалардың бірі, Елордамыз - Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті.

Бұл, Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделі мен Елбасымыздың көреген саясатының нақты дәлелі.

Ақмола қаласы ресми түрде ел астанасы болып жарияланғанына  20 жыл толды.

Еліміз ел болып еңсесін тіктеген тәуелсіздік жылдары Елбасының дана саясаты мен халқымыздың баянды болашаққа бастаған іргелі тірлігі мен берекелі бірлігінің арқасында, еліміз беделі биік мемлекетке айналды.

Осы жылдар ішінде мемлекетімізде ғасырға татырлық ғаламат істер атқарылды.

2017 жыл Сыр жұртшылығы үшін де жетістіктерге толы жыл болды.

Аймағымызда атқарылған өнімді істер мен өрелі өзгерістерге сырттан келген қала қонақтары, ресми тұлғалар оң бағасын беруде.

Өткен жылдың ең басты оқиғасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сыр еліне арнайы іссапармен келуі.

Елбасымыз ресми сапары кезінде, өңіріміздегі бірқатар әлеуметтік, құрылыс нысандарында болып аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен қаламызда атқарылып жатқан тың жобаларымызға, жаңашыл бастамаларымызға оң бағасын берді.

2017 жылы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылды.

Қаламыздың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды.

Көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып халық игілігіне берілді.

Бұл - іргелі елдігіміздің, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қызылордалықтардың ерен еңбегінің жемісі.

Ардақты ағайын!

Бүгінгі күн - ертеңгітарих.

Биылғы жыл ел тарихындағы маңызды сәттерден басталды.

Өткен жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланып, биылғы жылдың қаңтар айынан бастап төрағалық міндетіне кірісті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жылдағы дәстүрге сәйкес, Қазақстан халқына арнаған жаңа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады.

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, мемлекетіміздің алдағы дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Қазақстанның бұлжымас саяси дәстүріне айналды.

Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алса, бұл жолғы Жолдауда Елбасымыз төртінші жаңғыртудың негізгі 10 басым бағытын атап көрсетті.

Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделуге, жетістікке жетуге жол табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды.

Ендігі кезекте бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Елбасы берген бағытпен халық артқан сенімді ақтау үшін, бүгінгі жетістіктерімізді еселеу жолында қарқынды жұмыс жасауымыз қажет.

Келесі ретте, қаланың экономикасының әр саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға назарларыңызды аударғым келеді.

2017 жылдың басында қала бюджеті трансферттерді қоса есептегенде 30 млрд. 831 млн. теңге көлемінде бекітіліп,  2017 жылдың қорытындысымен 43 млрд. теңгеге жетті.

Оның ішінде өз кірістеріміз соңғы 5 жылда 1,7 есеге артты.

9 млрд. 800 млн. теңгеден 17 млрд. теңгеге ұлғайды.

Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 619 млрд. 966 млн.теңгенің өнімін өндірді.

Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 37 млрд. 188 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға артты.

Жыл ішінде негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 105 млрд. 322 млн. теңгені құрап, облысқа салынған барлық инвестицияның 43,7 пайызын құрады.

Соңғы жылдары қаланың ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер жасалып, нәтижесінде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы жыл сайын қарқынды дамып келеді.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5 млрд.  986 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 103,5 пайызға артты.

Қала бойынша 251 шаруа қожалықтарының бірігуімен 21 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативтері құрылды.

Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру мақсатында, барлығы 7 мың 621 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.

Нәтижесінде күріштен 16 мың 876 тонна өнім жиналды.

«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында  4 шаруа қожалығы «Аграрлық Несие корпорациясы» арқылы 53 млн. теңгеге жеңілдетілген несиемен 30 бас асыл тұқымды мал, 32 шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 191 бас асыл тұқымды мал сатып алды.

Қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өткен жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында тұрақты түрде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізілді.

*******

2017 жылы республикалық, облыстық, қалалық бюджеттерден қала инфрақұрылымын дамытуға барлығы 3 млрд. 376 млн. теңге бөлінді.

Ауыз су, кәріз жүйелері мен ғимараттарын қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 61 млн. теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн. теңге бөлінді.

Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Республикалық бюджеттен бөлінген 3 млрд. 44 млн. теңгеге қаламызда 34,4 шақырым ауыз су, 7,8 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өтті.

Соңғы 5 жылдың ішінде Қызылорда қаласының ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд. (15 млрд. 548,7 млн.)теңгеге жуық қаржы тартылды.

Қазіргі таңда, Республика бойынша қалаішілік су құбырлары  70 пайыз толық жаңартылған, толығымен таза жер асты ауыз суын тұтынып отырған бірден бір қала – Қызылорда қаласы.

Қаламызда жылу желілерін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Соңғы 5 жылда қаладағы магистральды жылу желілерін жаңартуға  8 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Былтыр жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд. 20 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Жолаушылар тасымалы бойынша:

Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру және қаламыздағы көлік қатынасының сапасын арттыру мақсатында жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын, жаңа үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді.

Бұл парктің ерекшелігі қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылаудан бастап, көлік жүргізушілері мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға қажетті барлық материалдық-техникалық базамен жабдықталған.

Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушылар мен студенттердің қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруіне облыстық бюджеттен 105 млн. 507 мың теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта, қалаға жақын орналасқан елді мекендерден қала мектептерінде қатынап оқитын 5 мың 416 баланыарнайы көліктер тасымалдауда.

Биылғы жылы «Қызылорда Автобус Паркіне» қосымша орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алу жоспарлануда.

Тұрғын үй құрылысы:

Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты.

Осындай ауқымды жобалардың нәтижесінде, соңғы 5 жыл көлемінде қаламызда жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлестеріміз жаңа пәтерге ие болды.

Былтырғы жылы қаламызда 230 мың шаршы метр болатын  2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілді.

Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд. 142 млн. теңгеге жетті.

Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 43,8 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.

Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мыңға жуық жерлестеріміз жұмыспен қамтылды.

2017 жылдың ең үлкен жетістігі, Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың құрылысын бастадық.

Сол жағалауда құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үйдің, 320 орындық балабақшаның, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мұражайы ғимараттары салынуда.

Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.

Біз жыл сайын мыңдаған қала тұрғындарына пәтер кілтін табыстап, баспанаға мұқтаж жандардың сұранысын қанағаттандыруға бар күш-жігерімізді салып келеміз.

Қызылорда қаласында апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесі толық шешілді.

Бұл тек жаңа баспана иелері үшін ғана емес, біз үшін де үлкен қуаныш. Басындағы жалғыз баспанасы апатты деп танылған жерлестеріміздің жағдайы, бізді қатты алаңдатқан ең өзекті мәселелердің бірі болатын.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Өңірлерді дамытудың  2020-шы жылға дейінгі бағдарламасы» аясында, соңғы 5 жылда қала бойынша 3 млрд. 200 млн. теңгеге, 123 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді.

******

Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары қалаға қарасты бірнеше елді мекендер көгілдір отынға қол жеткізді.

2015 жылы, Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округін газдандыру жұмыстарына 2 млрд 157 млн. теңге бөлініп, 5 мыңнан аса тұрғын үйлер, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар көгілдір отынға қосылды.

2016 жылы Талсуат ауылдық округін газдандыру үшін облыстық бюджеттен 271 млн.теңге қаралып, ауылдық округ бойынша 500-ге жуық тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды.

2017 жылы, бұған дейін өзекті мәселелердің бірі болып келген Белкөл кенті көгілдір отынға қол жеткізді.

Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 378 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде 830 жеке сектордағы тұрғын үй, 4 көпқабатты тұрғын үй және 5 әлеуметтік нысан газбен қамтылды.

Бүгінгі күні қаламыздың газдандыру көрсеткіші 95 пайызға жетті.

******

Өздеріңіз куә болып жүргендей, қалада жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобалардың біріне айналып жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылды.

Соңғы 5 жылда Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға   23 млрд.теңгеден астам қаржы тартылып, 500 шақырымға жуық жолдарымыз орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті.

Сонымен қатар, 1 млрд. 550 млн. теңгеге, ұзындығы 115,2 шақырымды құрайтын 38 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары, 1 млрд. 357 млн. теңгеге ұзындығы 142 шақырымдық 94 көшеге жарық бағаналары орнатылды.

72 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік жолдары мен автотұрақтары жөнделді. 87 спорт және ойын алаңдары салынды.

2017 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 3 млрд. 212 млн.теңгеге 137 көшеміз жөндеуден өтті.

1 млрд. 426 млн. теңгеге қала орталығындағыұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын Қорқыт ата көшесі қайта жаңғыртылды.

Бұл көшеде 12 шақырым жаяу жүргіншілер жолдары, 156 дана түнгі жарық бағаналары, 19 аялдама салынды, екі бетіне суағар қарастырылды.

Бүгінгі таңда, қаламыздың барлық бағытындағы кіре беріс жолдарымыз қайта жаңғыртудан өтті.

Сәулет мөлтек ауданында 32 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жібек жолы даңғылы мен Ділманов көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынуда. Жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 21 млн. теңге бөлініп, Ақсуат, Талсуат, Қызылжарма ауылдық округтерінде көшелер жөнделді, Ақжарма, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Қызылөзекауылдық округтерінде 4 көше жарықтандырылды.

Облыстық бюджеттен бөлінген 201 млн. 726 мың теңгеге Қарауылтөбе, Қосшыңырау ауылдық округтеріндегі және Белкөл кентіндегі кіре-беріс жолдар жөнделді.

Облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген 89 млн. теңгеге Ақсуат елді мекеніндегі 7 көше жөндеуден өтті.

Облыстық бюджеттен бөлінген 452 млн. теңгеге Тасбөгет кентіндегі10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала халқының сұранысына сәйкес, ең қажетті деген көше қиылыстарына 51 млн. теңгеге бағдаршамдар, 35 млн. теңгеге 86 дана жарық бағаналары, 2 млн. 116 мың теңгеге мүгедектерге қызмет көрсететін ұйымдарға жол белгілері орнатылды.

 

*******

Елбасы бүгінде экономикамыздың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп, мемлекет тарапынан осы саланы қолдауға барлық мүмкіндіктер жасалуда.

Осының нәтижесінде біздің өңірде де айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты.

2017 жылы Қызылорда қаласында 25 мың 665 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 50 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде.

Жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен жалпы құны 6 млрд. 465 млн. теңгені құрайтын 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда жаңадан 1 мың 760 жұмыс орны ашылды.

Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асуда.

Қалада индустрияландыру картасына енгізілген құны  49 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы бойынша  261 млн. 700 мың теңгені құрайтын 55 жоба қаржыландырылды.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Өңірлік үйлестіру кеңесінен 6 млрд. 754млн. теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданды, 29 жобаға 43 млн. 310 мың теңге қайтарымсыз қаражат берілді.

2017 жылы «Даму-Аймақтар» бағдарламасы бойынша жалпы құны 837 млн. теңгеге 34 жоба қаржыландырылды.

Барлық жобаның басты мақсаты, халықтың игілігі үшін қала қазынасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Осындай жаңа бастамалардың арқасында жыл көлемінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

          Жұмыспен қамту:

Біздің алдымызда тұрған мақсаттардың бірі – халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру мен жұмыссыздықтың алдын алу.

2017 жылы 16 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1 мың 686 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 1 мың 258 адам оқытылды.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 46 адамға 211 млн. 700 мың теңге шағын несие берілді. 46 жаңа жұмыс орындары ашылды.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 2 мың 65 адам қоғамдық жұмысқа, 300 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 423 жас маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 2017 жылы қала бойынша барлығы 6 мың 464 қала тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасып, жыл қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.

        Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі біздің назарымыздан тыс қалған емес.

2017 жылы қайырымды азаматтар мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен, «Сыр жомарты және Наурыз мерейі» қайырымдылық айлығы аясында 3 мың 452 тұрмысы төмен отбасына 33 млн.теңгенің қайырымдылық көмектері көрсетілді.

"Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы жыл басынан бері екі рет ұйымдастырылып, демеушілер тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 мың отбасына көмек берілді.

*******

Қаламызды жасыл желекке айналдыру мақсатында көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Қалада 52 аллеялар мен скверлер бар. Аталған аумақтарға жыл көлемінде мыңдаған көшеттер мен гүлзарлар отырғызылды.

Заман талабына сай қала мәдениеті мен шаһарымыздың әсем келбетін айшықтайтын түрлі архитектуралық формалар орналастырылып, жаңа демалыс орындары мен саябақтар салынуда.

Өткен жылы «Қуғын - сүргін құрбандарын еске алу» ескерткішінің аумағы абаттандырылып, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды.

Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығынан жаңа демалыс саябағы салынуда.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда, аймақ басшысының тікелей бастамасымен бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Абай Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен «Ана бақыты» аллеясы ашылды.

Әуежайдың қалаға кіре беріс бағытынан қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік берер жаңа қақпа пайдалануға берілді.

*******

Білім саласы бойынша:

Бүгінгі еткен әрбір еңбек, қол жеткен жетістік ертеңгі өскелең ұрпаққа мұра.Ел ертеңіне егелік етіп, болашақтың тізгінін қолға алар жас ұрпақтың сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыру бізге парыз.

Осы мақсатта, жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталады.

2017 жылы Тасбөгет кентінде 140 орындық балабақша құрылысы басталды.

Қала мектептері жаңа оқулықтармен толық қамтамасыз етілді.

Білім саласына 2016 жылы - 17 млрд. 998 млн. теңге қаралған,  2017 жылы - 18 млрд. 608 млн. теңге қаралып, қала бюджетінің  43,3 пайызы білім саласын дамытуға бағытталды.

Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде былтырғы оқу жылында 1 мың 739 мектеп бітіруші түлектің ішінен 581 түлегіміз мемлекеттік грант иегері атанып, 107 түлегіміз «Алтын белгі», 102 түлегіміз «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

2014 жылдан бастап аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қолдауымен Қызылорда қаласы түлектерінің 288-і Ресей Федерациясының беделді оқу орындарында білім алуда.

Қала бойынша 26 мемлекеттік, 205 жеке балабақшалар мен  14 мектепке дейінгі шағын орталықтар жұмыс жасайды.

Бүгінде, мектепке дейінгі тәрбие беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндеріміздің балабақшамен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетті.

*******

Спорт саласы бойынша:

Еліміздің болашағы сауатты, салауатты ұрпақтың қолында.

2017 жылы қала бойынша 80 млн. теңгеге 20 дана спорттық-жаттығу алаңдары салынды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында бұқаралық спортпен қамтылған халық санын 30 пайызға жеткізуді тапсырса, спорт саласына жасалған қолдаулардың арқасында біздің өңірімізде бұл көрсеткіш бүгіннің өзінде    27 пайызға жетті.

Қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, жыл басынан бері 99 спорттық шаралар өткізілді.

Қазақстан Республикасы құрама командасы мүшелігіне Қызылорда қаласынан 202 спортшы енді.

Әлем чемпионаты мен кубоктарында 3 спортшымыз, Азия чемпионатында 10 спортшымыз жүлдегер атанды.

Соңғы 5 жылда қала бойынша 95 спорттық ойын алаңдары салынды.

Биылғы жылы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тасбөгет кентінде 160 орындық спорт кешенінің құрылысы басталады.

*******

Мәдениет саласы бойынша:

Қызылорда қаласы - аймағымыздың тек әкімшілік ғана емес, сонымен бірге мәдени және рухани орталығы болып саналады.

2017 жылы қалалық бюджеттен мәдениет саласын дамытуға 310 млн. 269 мың теңге қаралып, түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында қалалық бюджеттен 14 млн. 500 мың теңге бөлініп, Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінің жанынан «Жастар театры» құрылды.

*******

Денсаулық сақтау саласы:

Кез келген мемлекеттің ең басты байлығы, бұл – адами капиталы.

Қаламызда жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының саны көбеюде.

Денсаулық сақтау саласына көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде 2017 жылы ана өлімі тіркелген жоқ, бала өлімі 2016 жылмен салыстырғанда 35,9 пайызға төмендеді.

Жыл өткен сайын аймағымызда демографиялық өсім қалыптасып, былтырдың өзінде 8 мың 189 сәби дүниеге келді.

Биылғы жылы, қалаға қарасты Бірқазан, Талдыарал елді мекендерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында екі медициналық бекет пайдалануға берілді.

Құрметті қызылордалықтар!

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру жұмыстарын біз бастап кеттік.

Қалада тұрмыс сапасын арттыру және жаңа инновацияны кеңінен тарату мақсатында «Ақылды қала» жобасы бойынша нақты шаралар қабылдануда.

1. Қала көшелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім ордаларының тұстарына («Дети», «Ограничение максимальной скорости») светодиодты жол белгілері орнатылады.

Сонымен бірге, Жібек жолы даңғылынан салынып жатқан жаяу жүргіншілер көпіріне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында лифт орнатылуда.

2. Жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды   GPS геодезиялық құралы мен ArcGis (АР ГИС) бағдарламасын қолдана отырып уақытылы анықтау жобасына 21 млн.теңге қаралды.

Нәтижесінде жер қатынастары саласында заң бұзушылықтарды анықтауға жұмсалатын уақыт 15 күннен 2 күнге дейін қысқарады.

3. Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға және мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында                   Wi-Fi тегін интернет желісін енгізуге «Orda Wi-Fi» жобасы қолға алынуда.

Бірінші кезеңде, пилоттық режимде орталық Ы.Жахаев көшесі бойына орнатылады.

Қала тұрығындары мен қала қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасауға, мәселелерді дер кезінде шешуге арналған мобильді қосымша іске қосылады. «ОА Orda»

5. Бұл жұмыстармен қатар, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақтелеком акционерлік қоғамының қаржысы есебінен тұрғын үйлерге видеодомофондар орнатылуда.

Осы жоба аясында тұрғындар үшін мобильді қосымшалар жасалып, барлық ұялы телефондарға жүктеуге және 7 күндік мұрағат сақтауға мүмкіндігі бар.

Бұл қызмет қала тұрғындарына барынша қол жетімді болу үшін, әр пәтерге абоненттік төлем 500 теңгеден аспайды.

Қазірдің өзінде жобаға қаламыздағы 2 көпқабатты тұрғын үй қосылған. 2-ші кезең бойынша 81 көпқабатты тұрғын үйді қосу жоспарлануда.

Қадірменді жерлестер!

Қалада өткен жылы өңірді өрге сүйреген біршама жұмыстар атқарылды. Алдымызда атқаруға тиісті ауқымды міндеттер бар.

Ендігі ретте, биылғы жылы жүзеге асырылатын жобаларымыздың ең маңызды дегендеріне тоқтағым келеді.

Индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыру арқылы тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етілді.

Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының тікелей басшылығымен, биылғы жылы өңдеуші өнеркәсіп саласында қуаттылығы жылына  197 мың тонна шыны шығару зауыты, қуаттылығы жылына 500 тонна молибден ұнтағын өңдеу зауыты іске қосылады. Жобаларды іске қосу арқылы 300 - ден аса жұмыс орындары ашылады.

Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру мәселесі Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.

2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы арқылы Сырдария өзенінің сол жағалауына орналасатын 220 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына республикалық бюджеттен – 1 млрд. 521 млн. теңге бөлінді.

Сол жағалаудың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша:

Сол жағалауда 7,3 шақырым жоғары қысымды газ құбырын және автоматтандырылған газ тарату станциясын салуға 2017 жылы облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлінген. Биылғы жылы осы жұмыстарды жалғастыруға 300 млн.теңге бөлінді.

Аталған аумақты, электрмен жабдықтауға 2017 жылы 900 млн. теңге қаралған, биылғы жылы осы жұмыстарды жалғастыруға 300 млн.теңге бөлінді.

«Қызылорда қаласы сол жақ жағалауындағы сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің желісі құрылысының» жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 122 млн. теңге, бірінші кезеңінің құрылысын жалғастыруға 600 млн. теңге бөлінді.

Мұратбаев көшесі бойындағы жаңа көпірден бастап  «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»автожолынадейінгі аралықты жалғайтын5 шақырымдық магистралдық көше құрылысына 2017 жылы облыстық бюджеттен 300 млн.теңге, биылғы жылы осы жұмысты жалғастыруға 300 млн. теңге бөлінді.

Қызылорда қаласында халық саны тұрақты өсіммен сипатталады.

Осы ретте жер алу кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беру мақсатында жеке тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыруға республикалық бюджеттен – 1 млрд. 156 млн. теңге бөлінді.

Оның ішінде:

-Қызылорда қаласы Жезқазған тас жолының бойындағы 150 га жерге сыртқы сумен жабдықтау желілері құрылысына – 655,7 млн. теңге;

- Қызылорда қаласы Жезқазған трассасының бойындағы 150 га жерге сыртқы электр желілері құрылысына – 300,0 млн.теңге;

- Саяхат тұрғын ауданындағы сумен жабдықтауға – 200,0 млн.теңге;

Сонымен бірге, 150 гектар жер учаскесінің инженерлік инфрақұрылымын салуға қажетті 3 млрд. теңгеге жоба-сметалық құжаттары дайындалып мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Ағымдағы жылы осы аумақтың электр желілері құрылысына республикалық бюджеттен 300 млн. теңге және сыртқы сумен жабдықтау желіліерінің құрылысына 655 млн. теңге бөлінді.

Бұл жұмыстар толық аяқталған уақытта 1 мың 267 азаматтарымыз жер телімімен қамтамасыз етілетін болады.

*******

Білім беру мекемелерінің санын арттыру бағытында Саяхат тұрғын ауданында 300 орындық, Астана тұрғын ауданында  600 орындық, №261 мектепке 150 орындық қосымша ғимарат, Арай тұрғын ауданында 600 орындық, Сырдария өзенінің сол жағалауында 900 орындық мектеп құрылыстарының жоба сметалық құжаттарын әзірлеп мемлекеттік сараптамадан өткізуге 38 млн. 700 мың теңге қаралды.

Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық мектеп құрылысын салуға республикалық бюджеттен 150 млн.теңге, Тасбөгет кентіндегі  140 орындық балабақшаның құрылысын аяқтауға 435 млн.теңге бөлінді.

Тасбөгет кентінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа емхана, Досан ауылында медициналық бекет салынады.

«Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасыменҚызылорда қаласындағы ауыз су және кәріз су жүйелерін қайта жаңғыртуға 1 млрд. 584 млн. теңге бөлінді.

Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 2 млрд. 210 млн теңге қаралды.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы арқылы Республикалық бюджет есебінен Қызылорда қаласының кәріз насостық стансаларын қайта жаңғырту және модернизациялауға – 400 млн. теңге бөлінді.

2018-2019 жылдар аралығында қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округі және бірқатар шет аймақтардағы электр желілерін қайта жаңғыртуға Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы 3 млрд.        300 млн. теңге және республикалық бюджеттен 600 млн. теңге қаралды.

Екі кезеңмен жүзеге асырылытын бұл жоба бойынша ұзындығы  239 шақырым электр желісі жаңартылады және 52 дана жаңа трансформатор, 1 дана электр тарату бекеті салынады.

Ардақты ағайын!

Биылғы жыл еліміз үшін, біздің өңіріміз үшін айтулы оқиғаларға толы, тарихи жыл болғалы тұр.

Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен ең үлкен жетістігіміздің бірі, Сарыарқаның төрінен әсем Астанамыз бой көтерді.

Осы жылы, Елбасымыздың төл туындысы Елордамыздың  20 жылдық мерейтойын, Сыр өңірінің бас шаһары - Қызылорда қаласының 200 жылдығын атап өтеміз.

Тарихи тағылымы мен мағынасы терең қос мерейтойды атап өтудің маңызы зор.

Арманымыз ақиқатқа айналған тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен құнды жетістігіміз - тарихымызды қайта түлетіп, ұлттық қасиетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге мүмкіндік алдық.

Туған топырақтың тарихын дүйім елге таныту, мерейін үстем етуге арналған мерейтойлық шаралар қазірдің өзінде бастау алды.

Сыр өңірінің бас шаһарының 200 жылдық мерейтойына басты тарту - Қызылорда қаласының сол жақ жағалауындағы жаңа тұрғын ауданды пайдалануға береміз.

2017 жыл біздің өңіріміз үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, жаңа жетістіктер мен мүмкіндіктердің, халық қалаған серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды жыл болды.

Әрбір атқарылған істің артында бірліктің бесігін тербеткен халықтың адал пейілі мен елім деп еміренген мыңдаған азаматтың еңбегі жатыр.

Жыл көлемінде атқарылған әрбір істің әділ сыншысы, адал ниетті қолдаушысы болып, осындай кездесулерге жиналуларыңыздың өзі Сіздердің қаланың дамуына, өмір сапасының жақсаруына мүдделі екендеріңізді білдіреді.

Қазақтың бір туар ардақты тұлғасы, халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ағамыздың: «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды», - деген кемеңгерлік қағидасына сүйеніп, бір жылдық белесімізді бағалап, көп жылдық келешегімізге бағытталған ауқымды тірліктерді бірге жүзеге асыруға, Қызылорданың бүгінін биік, келешегін кемел ету жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын.

Тыңдағандарыңызға рахмет!

Қызылорда қаласы 2016 жылдың қорытындысы бойынша әкімдердің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселелерден туындайтын іс-шаралар жоспарының орындалуы   Жүктеу...344 Кб

Фотогалерея
Сауалнама
Қандай экологиялық мәселе сізді басқалардан гөрі қатты толғандырады?

 ауаның ластануы
 су қоймаларының ластануы
 ағаштардың кесілуі
 басқасы

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея