Ереже
Сенім телефоны: 26-16-44
Бүгін: 15 қазан 2019 жыл
KZ RU
Нашар көретіндерге арналған нұсқа
Басты бет » Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

Ереже

Енгізілді: 09.12.2014Өзгертілді: 02.07.2019

Қызылорда қаласы әкімдігінің

                                                                                                              2012 жылғы « 5 » желтоқсандағы

№ 5064 қаулысына  Қосымша № 5

Қызылорда қаласы әкімдігінің

2005 жылғы «10» қаңтардағы

№954 қаулысына қосымша

 

«Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер   

1. «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай «Бөлім») - өзіне жүктелген өкілеттік шектеулеріне сәйкес мемлекеттік басқару және бақылау қызметін іске асыратын қала әкімдігінің  атқарушы саласында (ларында) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

Бөлімнің құрылтайшысы Қызылорда қаласының әкімдігі болып табылады. 

2. «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі мынадай ведомстволары бар:

1) «Қалалық Мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

2) «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі;

3) «Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.

3. Бөлім өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

6. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Бөлім өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.

8. Бөлім құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индекс 120001, Қызылода қаласы,  Қазыбек би, 21 үй.

10. Бөлімнің толық атауы - «Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттiк мекемесi.

11. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

12. Бөлім қызметiн каржыландыру қалалық бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Бөлім кәсiпкерлiк субъектiлерiмен функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Бөлім заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Бөлімнің миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

14. Бөлімнің миссиясы:

Қала халықының мәдени тұрғыдан дамуын, олардың мәдени демалысын жақсарту, қала ішіндегі мәдени саясаттың стратегиясын және тактикасын анықтау.

15. Мiндеттерi:

1) өңірдегі саланың стратегиялық және индикативті жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу мәселелері мен бөлім құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасау;

2) мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және қалада бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын жүргізуді қамтамасыз ету;

3) халықтың өнерпаздық және кәсіби шығармашылығының жан-жақты дамуына көмектесу, байқаулар, конкурстар, фестивальдар, халық шығармашылығы көрмелерін, шығармашылық есебін, концерттер өткізу;

4) қаланың мәдени мемлекеттік мекемелері және мемлекеттік мүліктік мекемелерінің жұмыстарын қадағалап, көпшілік шығармашылығын дамыту жұмыстарын ұйымдастыру, материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру;

5) мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету;

6) мәдениет және өнер қызметкерлерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау;

7) қала аумағындағы ескерткіштерді анықтау, есепке алу, қорғау, насихаттау;        

8) қалалық барлық ведомстволар мен бірлестіктердің меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңды, тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасын, оны іске асыру жөніндегі қалалық іс-шаралар жоспарын қоғамның бүкіл экономика, қоғамдық-саяси салаларында, әлеуметтік, мәдени өмірінде жүзеге асыру жолындағы қызметтерін үйлестіру;          

9) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына қайшы келмейтін басқа да міндеттерді іске асыру.

16. Функциялары:     

1) мәдени-ағарту мекемелерінің, кітапханалардың, мәдениет және демалыс паркінің, оркестрлердің, студиялардың, орындаушылық ұжымдардың және басқа да мәдениет ұйымдарының қызметін қамтамасыз ету;    

2) мәдени-демалыс паркінің қорын сақтау, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету;   

3) кітапханалар қорларын жасақтау мен сақтауға жағдай жасауды қамтамасыз ету;            

4) халық көркемөнер кәсіпшіліктерін, қолөнерін дамытуға ықпал ету;          

5) ұлттық-мәдени мұралар нысандарының сақталуын бақылау және қамтамасыз ету;         

6) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес мәдениет мекемелері мен кәсіпорындарында ақылы қызмет көрсетуді және бюджеттің қалыптасуы және оның мақсатты орындалуын бақылау;

7) мәдениет мекемелерінің негізгі қызметін, мәдениет ауқымындағы мемлекеттік бағдарламаларды, мәдениет игіліктерін сатып алуға, мәдениет саласында ұлттық шараларды өткізуге бағытталған қаржының жұмсалуын бақылау;

8) ведомствалық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындарда бастапқы есепті, статистикалық бухгалтерлік есеп жүргізуді ұйымдастыру және жүйелі ревизиялар мен тексерістер жүргізу арқылы меншікті сақтау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;     

9) мәдениет мекемелері мен кәсіпорындарының халық жаппай демалатын жерлерде жұртшылыққа түрлі нысандағы мәдени қызмет көрсетуді одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарын қадағалау;         

10) ұлттық-мәдени орталықтар мен қоғамдардың ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, мерекелерді жаңғырту жөніндегі жұмыстарына ықпал ету;

11) мәдениет және өнер салаларында конкурстар, байқаулар, фестивальдар, көрмелер, концерттік және гастрольдік қызметтерді ұйымдастыру және өткізу;  

12) халық шығармашылығын дамыту жұмыстарына бақылау жасау; 

13) ведомстволық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, олардың біліктіліктерін арттыру қайта даярлау жұмыстарын ұйымдастыру;

14) Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік, медициналық және басқа да міндетті түрде қамсыздандыру түрлерімен жұмыс жағдайларын туғызуға; 15) Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес кепілді еңбек ақы, жұмыс жағдайын және қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғауға, олардың денсаулығымен еңбекке жарамдылығына келтірген нұқсан үшін жауап беруге;

16) қала аумағында тілдер туралы Қазақстан Республикасы заңнамаларының орындалуына басшылық етуді  іске асыру;

17) тілдік ортада мемлекеттік тілдің басымдылығын арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру, тілдерді дамытудың өзекті мәселелері жөнінде шаралар өткізу, ұлттық – мәдени бірлестіктердің тілдерді дамыту мәселесі бойынша  қызметтерін үйлестіру;      

18) бөлімнің құзырына жататын мәселелер бойынша ақпараттық-талдау материалдары мен құжаттар дайындау;  

19) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

17. Құқықтары мен мiндеттерi:

1) өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті нұсқаулар беріп, ведомстволық актілер шығаруға;

2) белгіленген тәртіппен мемлекеттік және мемлекеттік емес органдардан, ұйымдар мен лауазымды тұлғалардан ақпарат сұратып алуға;

3) ведомстволық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындарда қаржы көздерінің тиімді пайдалануын тексеруге;

4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес қалалық мекемелерде, ведомстволарда, сонымен қатар меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының, Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын талдау және бақылауға;

5) мемлекеттік тілді насихаттау мен дамытуға бағытталған мәдени-көпшілік шаралар әзірлеп, өткізуде тіл заңнамаларының орындалу мәселелері бойынша басқа мемлекеттік мекемелермен өзара байланыс жасауға;

6) мемлекеттік және басқа да тілдер мәселелері бойынша семинарлар, кеңестер, конференциялар ұйымдастыруға, әртүрлі деңгейдегі түрлі мекемелердің, органдардың, қоғамдық бірлестіктердің тақілеттес форумдарына қатысуға;

7) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, осы мәселе жөніндегі облыс және қала әкімі мен әкімдігінің актілерін орындау негізінде бұйрықтар, нұсқаулықтар шығаруға;

8) бөлім құзырына жататын белгіленген тәртіпте тұрғындардың хаттары мен арыздарын қарауға, жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдауды ұйымдастыруға;

9) өзінің қызметтік ақпараттық-анықтамалық бюллетеньдерін, плакаттарын, қаттаулы кітапшаларын, әдістемелік материалдарын шығаруға;

10) өз өкілеттігі шегінде органдар мен ұйымдардан тіл саясаты мәселелері бойынша ақпараттар, материалдар, қажетті мәліметтер мен анықтамалар сұратып алуға, сондай-ақ тіл туралы заңнамалардың дұрыс қолданылуы жөнінде түсініктеме беруге және  Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келмейтін басқа да қызметтер атқаруға. 

18. Ведомстволардың функциялары:         

«Қалалық Мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өзіне қойылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасында аталып өтетін мерекелерді, концерттерді, ән-би мерекелерін, байқауларды, айтыстарды, халықтық қолданбалы және бейнелеу өнері үйірмелерін ұйымдастыру;

2) облыстық өңірлік, республикалық мерекелерге, конкурстраға қатысу халық шығармашылығының үздік ұжымдарын насихаттау;

3) мәдени-демалыс қызметіндегі және халық шығармашылығындағы озық тәжірибені зерделеу, қорыту, таныту, оны енгізу, тарату және түрлі бағыттарда облыстық, қалалық деңгейдегі конференция, семинар ұйымдастыру;

4) жастар арасында дискотека бағдарламасын, кино, концерт думан-фестиваль, байқаулар, ертеңгіліктер, ақылы үйірмелер ұйымдастыру;

5) музыкалық құралдарды және сахналық ұлттық киімдерді жалға беріп, ұлттық, халықтық мерекелер мен атаулы күндердің өтуін ұйымдастыру;

6) кәсіпорын қызметкерлерін кәсіби біліктілігін ұйымдастыру мақсатында өткізілетін республикалық, облыстық білім жетілдіру курстарына уақытылы қатыстыру және кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытында байқау - конкурстар ұйымдастыру;

7) қалалық мәдениет Үйлерінің, қалаға қарасты ауылдық мәдениет Үйлері мен клубтарының, халықтық ұжымдардың жұмыстарын қадағалап, халық шығармашылығын  дамыту жұмыстарын ұйымдастыру, оларды материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру;

8) кәсіпорын механизмін жетілдіру негізінде демеушілік пен мәдениет мекемелерінің ақылы қызметінің тиімді үйлесімін табу және ақылы қызмет жоспарын ұйымдастыру;

9) Қазақстан Республикасының Заңнамаларымен тиым салынбаған өзге де қызмет түрлерімен айналысады.

«Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі өзіне қойылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:

1) кітап және ақпарат тасушы түрінде адамзат зердесінде жинақталған білімдерді сақтау;

2) ақпарат және жаңа білімдерді шексіз пайдалануды қамтамасыз ету;

3) оқуға және білімге қызығушылықтарды қолдау, оқу және тіл мәдениетіне тәрбиелеу;

4) қоғам дамуы әдістерінің бірі ретінде тұлғаның үздіксіз білім алуына көмектесу;

5) ел дамуының ұзақ мерзімді басылымдарына сәйкес аймақтағы тілдерді дамыту, ұлттық саясат саласындағы уәкілетті органның функцияларының орындау болып табылады және тіл саясатын орындалуын жүзеге асырады;

6) мемлекеттік тіл мен басқа ұлт тілдерін насихаттау, дамыту бағытында жұмыстар жүргізеді;

7) қоғамның әлеуметтік, азаматтық және кәсіби белсенділігі өсу үшін, оқырмандардың ұлттық және жас ерекшелік құрамын және олардың сұраныстарын есепке алып, жаңа білімдер алу мақсатында ақпараттық ресурстар қорын толықтырады;

8) кітап қорын сақтаудың ұтымды жолын қамтамасыз етеді және оның қолдануына бақылау жасайды,  санитарлық-гигиеналық, түптеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді;

9) қала кітапханаларына(қалалық, ауылдық) әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді, оқырмандармен жұмыс және әдебиеттерді насихаттау нысандары мен әдістерін жетілдірілуіне ықпал етеді;

10) әдістемелік-ақпараттық және библиографиялық материалдарды дайындап шығарады;

11) қызметкерлердің біліктілігін арттыру, кітапхана практикасына жаңа ақпараттық технологиялар енгізу бағытында практикум-тренингтерді мекеме өз бетімен және басқа да мекемелер және ұйымдармен үйлестіре жүргізеді;

12) кітапхананы пайдалану ережелерін бұзған, пайдаланушылар келтірген залалды өтеу шараларын бекітілген нормативтік құжаттарға сәйкес белгілейді және қолданады;

13) кітапхананың оқырмандар активін құрады, және оның жұмысын ұйымдастырады;

14) белгіленген тәртіпте ақылы қызметтер көрсетеді.

«Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өзіне қойылған мақсаттарын іске асыру үшін қызметтің мынадай түрлерін жүзеге асырады:

1) мәдени-көпшілік жұмыстарының барлық түрлері мен әдістерін кеңінен өрістете отырып, халықты эстетикалық адамгершілікке баулу, салауатты өмірсалтын қалыптастыру;

2) халыққа мәдени демалыстарды ұйымдастыру, халық арасында мүдделері бойынша керекті қоғамдар ұйымдастыру.

3. Бөлімнің қызметiн ұйымдастыру

19. Бөлімге басшылықты Бөлімнің өзіне жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бөлім басшысы жүзеге асырады.

20. Бөлімнің бірінші басшысын қала әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

21. Бөлім басшысының өкiлеттiгi:

1) Қазақстан Республикасының Заңнамаларына сәйкес бөлім қызметкерлерін, ведомстволық бағыныстағы мекемелер мен кәсіпорындардың директорларын конкурстық негізде, орынбасарлары мен бас бухгалтерін тағайындайды және босатады;

2) өзінің қызметкерлерінің және басқа да басшы қызметкерлердің атқаратын жұмыстарын, міндеттері мен өкілеттіктерін анықтап, бекітеді;

3) қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген бөлімнің штат саны лимиті шегінде оның штаттық кестесін, тиісті жылға арналған қаржыландыру жоспарын және стратегиялық және ағымдағы жоспарларды бекітеді;

4) басшы белгіленген ережелерге сай мекеменің мүлкін басқарады, шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды, кәсіпорынның көрсететін ақылы қызмет түрлерінің бағасын белгілеп, кестесін бекітеді, сенім хат береді, құжаттарға қол қояды;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған іс-қимыл үшін дербес жауап береді;

6) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру жұмыстарын ұйымдастырады;

7) өз құзыры шеңберінде бөлімнің барлық қызметкерлері және ведомстволық мекемелер орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

8) бөлімнің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

9) өзінің өкілеттігі шегінде бөлімнің құзырына  жататын мәселелер бойынша бағынысындағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындары қызметін үйлестіріп отырады;

10) бөлімнің құзырына жататын мәселелер бойынша бөлім отырыстарын,  кеңесін, активін және басқа да шаралар өткізеді;

11) бөлімге бағынысты кәсіпорындарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;

12) кәсіпорындардың Жарғысын бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыратын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға өкілеттік береді;

13) кәсіпорын бюджетінен қаржыландырылатын қызметінің басым бағыттарын және міндетті жұмыс көлемін анықтайды;

14) кәсіпорындардың даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, келіседі және бекітеді;

15) кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;

16) коммуналдық мүлікті кәсіпорынға бекітеді;

17) кәсіпорындардың мүлкін пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;

18) кәсіпорындардың мүлкін пайдалануға және сақтауға бақылуды қамтамасыз етеді;

19) кәсіпорындар мүлкін есепке алуды ұйымдастырады, оны тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді;

20) кәсіпорында ұйымдастырылатын көркемдік кеңес ережесін, құрамын бекітеді;

21) Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен конкурстық негізде кәсіпорын директорын, оның орынбасарлары мен бас есепшісін тағайындайды және босатады, мәдениет Үйлері директорларын,   клуб меңгерушілерін лауазымға тағайындауға өз келісімін береді және оларды аттестациядан өткізеді;

22) кәсіпорын директорларын тағайындау, оны аттестациядан  өткізу, Қазақстан заңнамасында белгіленген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады;

23) қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесі кәсіпорын директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы рәсімдейді;

24) «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің  сметасын, мүлкін бекітеді;

25) мемлекеттік мекемеге берілген мүліктің тиімді пайдаланылуы мен сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

26) мемлекеттік мекемені басқару органдарының құрылымын, қалыптастырылуы тәртібін және өкілеттігінің мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдауының тәртібін белгілейді;

27) мемлекеттік мекеме басшысының құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін, оны атқаратын қызметінен босатудың негіздемесін белгілейді;

28) мемлекеттік мекеме басшысының ұсынуы бойынша оның орынбасарын, бас бухгалтерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

29) жылдық қаржылық есепті бекітеді;

30) Заңда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады;

31) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

«Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

21. Бөлімнің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын бөлім басшысы басқарады.

4. Бөлімнің мүлкi

22. Заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкiн. 

Бөлімнің мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.

23. Бөлімге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Бөлімнің, өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату

25. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Бөлімнің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

«Қалалық Мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

«Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі;

«Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.

Фотогалерея
Сауалнама
Жастар жылында бірінші кезекте жастардың қандай мәселесі шешілуі керек?

 баспана мәселесі
 жұмыспен қамту
 жас отбасыларға қолдау көрсету

 
Халықтық бақылау
Видеогалерея